Меню KDT
МЕНЮ

Бітібаева әдістемесі — кәсіби өсудің драйвері: тәжірибе, талдау және перспектива.



2026 жылғы 15 қаңтар күні Сұлтанбек Қожанов атындағы №64 мектеп-лицейінде «Бітібаева әдістемесі — кәсіби өсудің драйвері: тәжірибе, талдау және перспектива» тақырыбында мазмұнды әрі тағылымды семинар өтті. Семинар Астана қаласы Әдістеме орталығының әдіскері Жанар Маман Сейтахметқызының ұйымдастыруымен өткізілді.

Іс-шараның ашылу салтанатында мектеп-лицей директоры Б.А. Баймуратова құттықтау сөз сөйлеп, семинарға арнайы шақырылған құрметті қонақтарды таныстырды.

Семинарға арнайы қонақ ретінде Қасенов Сәкен Тоқанұлы — филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы қатысты. Ол 1985–1987 жылдары Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы мектеп-интернатта білім алып, көрнекті ұстаз, жаңашыл педагог Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның тікелей шәкірті болғанын атап өтті.

Сонымен қатар, семинар жұмысына Қисымова Алима Қисымқызы — педагогика ғылымдарының кандидаты, «ЖОО-ның үздік оқытушысы» (2007), «Білім академиясы: Инновация. Трансформация. Трансляция» ЖШС-ның бас тренері, «Академ–Мектеп» және «ЖОО – Колледж – Мектеп – Балабақша» жобаларының авторы әрі ғылыми кеңесшісі, оқу-әдістемелік кешендер мен педагогикалық технологиялардың авторы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің коуч-тренері шақырылды.

Бұдан бөлек, семинарға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология ғылымдарының кандидаты Айман Советқызы Ақтанова арнайы қатысып, көтерілген мәселелерге қатысты өз пікірін білдірді.

Семинар барысында қонақтар Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның зертханасымен танысып, жыл бойы атқарылып келе жатқан жүйелі жұмыстарға жан-жақты талдау жасады. Өз сөздерінде олар Қ.О. Бітібаеваның педагогикалық технологиясы жаңартылған білім мазмұнымен толық үйлесім тапқан, тағылымы терең, құндылығы жоғары ғылыми-әдістемелік мұра екенін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ зертхананың шығармашылық топ мүшелері — Г.А. Букенова, А.Б. Шотпаева, Д.Б. Жусупбекова өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, әдістеменің практикалық тиімділігін нақты мысалдар арқылы көрсетті.

Жалпы семинардың мазмұны мен ұйымдастырылу деңгейі қатысушылар тарапынан жоғары бағаланып, педагогтердің кәсіби дамуына серпін берген маңызды тәжірибе алаңы ретінде танылды. ВИДЕО КӨРУ
15.01.26