Меню KDT
МЕНЮ

«Білім бесігі – 15 жылдық белес» атты мерейтойлық іс-шара өтті.



2026 жылдың 9 сәуір күні С.Қожанов атындағы №64 мектеп-лицейде «Білім бесігі – 15 жылдық белес» атты мерейтойлық іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілді. Мерекелік жиын мектеп фойесінде қонақтарды жылы қарсы алумен басталып, ардагер ұстаздар, мектеп әкімшілігі, мұғалімдер мен түлектердің басын қосты. Жүргізушілердің әсерлі сөзімен ашылған шарада білім ордасының 15 жылдық тарихы мен жетістіктері кеңінен насихатталып, мектептің жүріп өткен жолы туралы арнаумен жалғасты. Іс-шара аясында қонақтар мектептің екінші қабатында орналасқан қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожанов атындағы мұражай жәдігерлерімен, мектептегі республикалық Қ.Бітібаева зертханасы бөлімшесінің оқу-әдістемелік жаңалықтарымен танысып, білім беру мекемесінің қалыптасу кезеңдері мен тарихи деректерге шолу жасалды. Сонымен қатар, мәжіліс залында мектеп тарихынан сыр шертетін бейнеролик көрсетіліп, мектеп шежіресіндегі басты кезеңдерге шолу жасалды. Мерекелік кеш барысында өнерпаз оқушылар мен мектеп мақтаныштары өз өнерлерін ортаға салды. «Сарыарқа» би ансамблі мен «Шаттық-2026» байқауының жүлдегерлері көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Шараның маңызды бөлігі – ардагер ұстаздарды құрметтеу болды. Мектептің алғашқы директоры Буланбаева Рауза Ақсейітқызы мен оқу орынбасары қызметін атқарған Досмағанбетова Гүлім Алтайқызы және білім беру ісіне зор үлес қосқан ұстаздар сөз сөйлеп, өз естеліктерімен бөлісті. Мектеп басшысы Бану Әлімжанқызы Баймуратова мектептің бүгінгі өмірімен таныстырып, мектепке еңбегін сіңірген ардагер ұстаздарға алғысын айтып құрмет білдірді. Сонымен қатар, қазіргі таңда еңбек етіп жүрген ұстаздардың да жетістіктері атап өтілді. Кеш барысында мектеп түлектері сахна төріне көтеріліп, ұстаздарына деген алғыстарын білдіріп, мектептің олардың өміріндегі орны ерекше екенін жеткізді. Мектеп түлектері атынан ән-жырдан шашу шашып, ұстаздарының ықыласына бөленді. Мерейтойлық іс-шара әсем әндермен қорытындыланып, мектеп әнұраны шырқалды. Бұл мереке – білім ордасының өткеніне тағзым етіп, болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік берген тағылымды кездесу болды. ВИДЕО КӨРУ

22.04.26