Меню KDT
МЕНЮ

Сіздерді бүгінгі жарқын да қуанышты мереке – Алғашқы қоңырау Білім күні мерекесімен құттықтаймын!



Құрметті ұстаздар! Қымбатты оқушылар және ата-аналар!
    Сіздерді бүгінгі жарқын да қуанышты мереке – Алғашқы қоңырау Білім күні мерекесімен құттықтаймын!
     1 қыркүйек әрбір отбасының, әсіресе балалардың асыға күтетін мерекесі!
Өйткені бұл күннің әр шаңырақ үшін орны да, маңызы да ерекше! Алғашқы қоңырау үнімен мектеп табалдырығын аттап, 11 жыл бойы тәлім-тәрбие, білім алып, үлкен өмірге аттанған ұл мен қыз – әр отбасының мерейі мен үміті. Әдеттегідей биыл да 1 қыркүйек білім мерекесін қуана қарсы алып отырмыз! Бұл жолы  елдегі санитарлық жағдайдың талабымен алғашқы қоңырау үнін қашықтан тамашалауға тура келіп тұр. Соған қарамастан, мектебіміздің оқушылар қатарын жүректері лүпілдей толықтырып отырған    1-сынып бүлдіршіндерін зор қуанышпен қарсы аламыз!
 Қымбатты 1-сынып бүлдіршіндері!  Біздің мектеп сіздерді көптен күтіп, өздеріңізге деген үлкен сеніммен құшақ  жаяды. Сіздер біздің мектеп бітірген түлектеріміздің орнын басар үлкен толқынсыздар! Сол түлектер сияқты мектеп пен ұстаздарыңыздың, ата-аналарыңыздың мақтанышы мен үміті болатын, ел болашағын қолға ұстайтын мықты, білімді азаматтар болатындарыңызға сенімдіміз!   Білім жолында табанды, денсаулығы зор, елінің нағыз патриоты болатын тұлға болыңыздар!
        Құрметті ұстаздар, қымбатты шәкірттер! Кедергілерге қарамастан, денсаулықтарыңызды нығайтып, күш-қуат жинап, жаңа оқу жылын жаңа леппен бастауға дайынсыздар деп сенеміз! Абай атамыз: «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім - ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» деген екен. Бүгінгі ұстаздар қатарын толықтырып отырған жас мамандарымыз ілім-білім жинауға қашанда асығып, тәуелсіз еліміздің игілігі жолында білімдерін ел кәдесіне жаратып, болашақта озық ойлы, өрісі кең, өрелі азаматтары болуы қажет. Осы жолда қажымай, талмай еңбектің өлшеусіз үлесін көрсетіп, болашақтың бағдаршамы - ұстаз деген атаққа лайық болыңыздар, қымбатты ұстаздар.Ардақты ата-аналар! Ұрпағымызға білім беруде ұстздарымызбен қатар түсіп, ынтымақтықпен жасаған әр ісімізге қолдау білдіретіндеріңізге сенеміз!   Әрқашан бірге болайық!Баршаңызды бүгінгі Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге бүгінгі ерекше, жайма шуақ күні жақсы көңіл күй, жаңа жетістіктер мен ашылуларға ұдайы ізденіс, шығармашылық табыс, мықты денсаулық және жаңа бастамаларда тек қана сәттілік тілеймін!
                                                                                           Құрметпен, №64 мектеп-лицей директоры
                                                                                           Баймуратова  Бану Алимжановна 

01.09.20